АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР АРАСЫНДА АЛЛЕРГИЯЛЫҚ АУРУЛАРДЫҢ ТАРАЛУЫ
Журнал: Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №14(323)
Рубрика: Медицина и фармацевтика

Научный журнал «Студенческий форум» выпуск №14(323)
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР АРАСЫНДА АЛЛЕРГИЯЛЫҚ АУРУЛАРДЫҢ ТАРАЛУЫ
Кіріспе. Балалар арасында аллергиялық аурулардың таралуы әлемдік денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Соңғы жылдары бұл патологияның жиілігі артып, балалардың денсаулығына, өмір сапасына және оқу үлгеріміне кері әсерін тигізуде. Аллергиялық аурулар көбінесе созылмалы сипатқа ие болып, бала өскен сайын күшеюі немесе өмір бойы сақталуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, соңғы онжылдықта аллергиялық аурулармен ауыратын балалар саны айтарлықтай артқан. Қазақстанда да аллергиялық аурулар жиі кездеседі және олардың таралуы жыл сайын өсіп келеді. Әсіресе, ірі қалаларда, экологиялық жағдайы нашар аймақтарда бұл мәселе өзекті болып отыр. Сондықтан аллергиялық аурулардың таралуын зерттеу, олардың негізгі себептерін анықтау және алдын алу шараларын әзірлеу – қазіргі медицинаның маңызды бағыттарының бірі.
Жұмыстың өзектілігі. Аллергиялық аурулар – балалар арасында жиі кездесетін созылмалы патологиялардың бірі. Соңғы жылдары олардың таралуы айтарлықтай артып, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі үшін өзекті мәселеге айналды. Бұл жағдайға экологиялық өзгерістер, урбанизация, ауаның ластануы, тамақтану ерекшеліктері, өмір салты мен генетикалық бейімділік сияқты көптеген факторлар әсер етеді. - Алматы – Қазақстандағы ең ірі мегаполистердің бірі, әрі елдегі ауа сапасы ең нашар қалалардың қатарында. PM2.5 және PM10 (ұсақ бөлшектер) деңгейінің жоғары болуы бронх демікпесі, аллергиялық ринит, атопиялық дерматит сияқты аурулардың даму қаупін арттырады. 2023 жылы Алматыдағы ауа сапасы әлемдегі ең лас қалалардың бірі ретінде танылып, AirVisual мәліметтері бойынша, орташа PM2.5 деңгейі ДДСҰ (ВОЗ) ұсынған шекті нормадан бірнеше есе жоғары болды. Алматы – таулы аймақта орналасқан, желдетілуі нашар, жиі температуралық инверсия құбылысы байқалады. Бұл ластаушы заттардың қала ішінде ұзақ уақыт тұрып қалуына әкеледі. Қалада қыс мезгілінде ауаның ластану деңгейі күрт артады, өйткені суық ауа ағындары жоғары көтерілмей, қаланы тұмшалайды. Бұл тыныс алу жолдарының аллергиялық реакцияларын күшейтеді. Алматы қаласы – ірі мегаполис болғандықтан, мұнда өнеркәсіптік және автокөлік шығарындыларының жоғары деңгейі, климаттық өзгерістер және басқа да урбанизациялық факторлар аллергиялық аурулардың жиілігіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан қаладағы балалар арасында аллергиялық патологиялардың таралуын зерттеу маңызды. Бұл зерттеу балалардың аллергиялық ауруларының негізгі түрлерін, таралу жиілігін және оларға әсер ететін негізгі факторларды анықтауға бағытталған. Сондай-ақ, алынған деректер негізінде алдын алу шараларын әзірлеу арқылы балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Осылайша, зерттеу нәтижелері медициналық практика мен қоғамдық денсаулық сақтау саласы үшін үлкен маңызға ие.
Жұмыстың мақсаты. Алматы қаласындағы балалар арасында аллергиялық аурулардың таралуын статистикалық деректер негізінде зерттеу, оның жиілігі мен негізгі түрлерін анықтау және аурудың алдын алу бойынша ұсыныстар жасау.
Зерттеу материалдары мен әдістері. 2021-2023 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасындағы аллергиялық ауруларға байланысты ресми статистикалық жинақтары
Зерттеу нәтижелері мен оларды талдау :2022 жылы Қазақстанда аллергиялық аурулармен тіркелгендердің жалпы саны 209 602 адамды құрады, оның ішінде 82 160-ы балалар. Алматы қаласында 2022 жылы 28 150 аллергиялық ауру жағдайы тіркелді, оның ішінде: Аллергиялық жанасу дерматиті – 13 479 жағдай; Атопиялық дерматит – 9 975 жағдай; Аллергиялық есекжем – 2 788 жағдай; Жіті аллергиялық конъюнктивит – 1 172 жағдай. Бұл мәліметтерден теріге қатысты аллергиялық реакциялар ең көп таралғанын байқаймыз. Әсіресе, жанасу дерматиті мен атопиялық дерматит жиі кездеседі, бұл тұрмыстық химия, косметикалық заттар, тағамдық аллергендер және қоршаған орта факторларымен байланысты болуы мүмкін. Аллергиялық аурулардың таралуына әсер ететін негізгі факторлар- қоршаған ортаның ластануы; генетикалық бейімділік; тамақ өнімдеріндегі химиялық қоспалар; иммундық жүйенің әлсіреуі болып табылады.
Қорытынды: Алматы қаласында балалар арасында аллергиялық аурулар жиі кездеседі, әсіресе атопиялық және жанасу дерматиті басым. Бұл жағдайға қоршаған ортаның ластануы, генетикалық бейімділік және өмір салты әсер етеді. Аллергиялық аурулардың алдын алу үшін ерте диагностика, аллергендерді анықтау және қоршаған ортаны жақсарту қажет.
